АХҚО академиясы әзірлеген майнор-бағдарламалар AlmaU университетінде оқытылады

 

2025 жылғы 21 тамызда Астана халықаралық қаржы орталығы Академиясы әзірлеген білім беру бағдарламалары Almaty Management University-ге ресми түрде табысталды. Олар оқу үдерісіне майнор-пәндер ретінде енгізіліп, студенттердің жеке білім беру траекториясы аясында қосымша мамандану мүмкіндігін ұсынады. AlmaU осы бағдарламаларға қол жеткізген алғашқы жоғары оқу орындарының бірі болып, заманауи қаржының негізгі тақырыптарын қамтитын және студенттердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған курстарды енгізді.

 

АХҚО Академиясы әзірлеген майнор-бағдарламалар Freedom Broker компаниясының қолдауымен “Freedom Шапағат” корпоративтік қоры арқылы жүзеге асты. Бұл ынтымақтастықтың негізі 2024 жылғы Astana Finance Days форумы аясында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандуммен қаланған.

 

Табысталған майнор-бағдарламалар студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен білімдерді игеруге мүмкіндік беріп, оларды пәнаралық тапсырмаларға дайын әрі саладағы жұмыс берушілер үшін тартымды мамандарға айналдырады.

 

Майнор-бағдарламалардың тақырыптары “Туынды бағалы қағаздар – опциондар”, “Активтерді басқару”, “Қаржы нарығын реттеу”, “Халықаралық коммерциялық дауларды шешу” және басқа да бағыттарды қамтиды.

 

 

Майнор-бағдарламаларды AlmaU оқу үдерісіне енгізу алдағы оқу жылында жоспарланып отыр. Жаңа майнор-дисциплиналар бойынша білім алуға «Қаржы» және «Құқықтану» білім беру бағдарламаларының студенттері мүмкіндік алады. Бұл білім алушылардың қаржы саласының негізгі бағыттары бойынша білімін тереңдетуге жол ашады.

 

Еске сала кетейік, майнор-бағдарламалар – жоғары оқу орындарының жалпы білім беру бағдарламаларының бір бөлігі болатын қысқамерзімді сертификаттық курстар. Олардың ұзақтығы түрі мен күрделілігіне байланысты 3 айдан 4 айға дейін созылады.

 

 

 

АХҚО Академиясының бас атқарушы директоры Балжан Мырзабаева:

АХҚО Академиясы Қазақстандағы жоғары білім беруді дамытуға белсене қатысуға ұмтылады. Біз әзірлеген майнор-бағдарламаларды табыстау – осы үдеріске қосқан үлесіміз. Бұл бағдарламаларды енгізу арқылы студенттер заманауи қаржы саласына қажетті қосымша дағдыларды меңгеріп, өз біліктіліктерін арттыра алады».

AlmaU университетінің бірінші проректоры Тимур Булдыбаев өз сөзінде АХҚО Академиясымен ынтымақтастық студенттердің заманауи еңбек нарығының сын-қатерлеріне дайындығын арттыратынын атап өтті:

AlmaU әрқашан жаңа білім беру бастамаларын енгізуге ашық. АХҚО Академиясының майнор-бағдарламаларды табыстауы – Қазақстандағы жоғары білімді дамытуға қосылған маңызды үлес. Бұл бағдарламалар біздің студенттерге қаржы секторында сұранысқа ие қосымша құзыреттер береді, ал жұмыс берушілер болса, саланың дамуына нақты үлес қосуға дайын жаңа буын мамандарын алады».

Freedom Broker білім беру жобалары департаментінің директоры Жанна Кашенова былай деді:

Freedom Broker үшін білім беру жобаларын қолдау – елдің кадрлық әлеуетіне қосқан үлес. Біз қаржы секторының болашағы жас мамандардың қаншалықты бәсекеге қабілетті болуына байланысты екенін жақсы түсінеміз. AlmaU-да енгізілген майнор-бағдарламалар студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп, ең күрделі міндеттерді шешуге дайын кәсіби мамандар буынын қалыптастырады».